АСТАНАДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚАЛА БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
Бүгін елордада ҚР Конституциясы күніне орайластырылған көркем гимнастикадан кіші разрядтар арасында қала біріншілігі басталды.
Medipol спорт кешенінде бастау алған іріктеу кезеңіне еліміздің Қарағанды облысы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген 200-ден астам жас гимнасшылар қатысуда.
Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев,
қалалық көркем гимнастика федерациясының президенті Сайранбек Әбілхайыр қатысты.
Көпшілікті ҚР Конституциясы күнімен және көркем гимнастикадан Астана қаласының чемпионатының басталуымен қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев құттықтап, салтанатты түрде ашты.
— Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конституция күнімен құттықтаймын!Спортшылардың жарқын жеңісі – қашанда ел беделі. Барлықтарыңызға сәттілік!-, деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Сайыс барысында ең үздік деп танылған жас спортшылар Қарағанды қаласында өтетін бірінші разрядтар арасындағы Қазақстан чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алады дейді ұйымдастырушылар.
— Бұл біріншілік ел чемпионатына іріктеу ретінде өткізіледі. 3 күннің аралығында спортшылардың арасындағы тартыс қызу өтеді. Дәл қазір Астана қаласында 13 көркем гимнастика мектебі бар. Осы орайда Астана атынан сынға түсетін қыздарымыз жаз бойы демалмай, Конституция күніне тұспа-тұс келген жарыста жоғары орындарға таласатыны анық. Статистикаға тоқталсақ, бүгінде елордамызда 3000 аса тұрғын көркем гимнастикамен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 13 жеке мектеп, 1 балалар-жасөспірімдер Олимпиадалық даярлау мектебі бар. Осы сандардан елімізде көркем гимнастика қарқынды дамып жатқанын аңғаруға болады,-дейді Астана қаласының көркем гимнастика Федерациясының президенті Сайранбек Әбілқайыр.
Сондай-ақ чемпионаттың ашылу салтанаты барысында «Спорт шеберіне үміткер» атағымен бірнеше жас гимнасшылар марапатталды.
Айтулы бәсекеде спортшылар жеке және топтық сайыста тамыздың 31-не дейін өнер көрсетеді.