Бүгін қалалық спорт басқармасының басшысы Василий Левит басқармаға бағынысты мекемелердің басшыларымен алдағы Наурыз мейрамы бойынша жиналыс өткізді.
Жиын барысында елордада Наурыз мейрамын жаңа тұжырымдамаға сәйкес өткізу бойынша және 20 наурыз күні өтетін мерекелік шарасының атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қалалық Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов баяндады.
«Республика көлемінде алуан түрлі шаралармен 10 күн бойы аталып өтетін Ұлыстың Ұлы күні мерекесі Наурызнама деп аталады. Осы онкүндіктің әр күніне мерекелік шаралар белгіленген. Осыған орай қалалық спорт басқармасы Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесе отырып 20 наурыз – Ұлттық спорт күні «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде көрсетілімдік қойылымдар өткіземіз. Яғни, қала тұрғындары ұлттық спорттың көкпар, аударыспақ, теңге ілу және қыз қууды тамашалай алады. Ал тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сағатына тегін қатысады. Сондай-ақ кешенде қолөнершілер жәрмеңкесі болады.
Елорданың барлық тұрғындары мен қонақтарын керемет күннің куәсі болуға шақырамыз. Тұрғындар үшін кіру тегін» — деді Бахтияр Масанов.
Басқарма басшысы Василий Алексеевич мейрамды тиісті деңгейде атап өтуге, тұрғындардың барлығы қатыса алатындай жағдай жасалуы тиіс екендігін атап өтті.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі елордада 20 наурыз күні өтетін іс-шарасында отандық және шетел спортшылары өзара тәжірибе алмасатыны жоспарланғанын атап өтті.
«Шара таңғы сағат 10-нан түскі 15.00-ге дейін болады. Оған Америка Құрама Штаттарынан келген делегациялар арнайы қонақ ретінде қатысады. Сондай-ақ айтулы көрсетілімдік қойылымдарға америкалық ковбойлар қатысады. Мойны жуан бұқаны бағындарғандар біздің атбегілермен өзара тәжірибе алмасады. Шетелдіктерге қазақтың «көкпары» таныстырылады» — «Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ спорт бөлімінің басшысы Азамат Агзамов.
Қала әкімдігі ұйымдастырған шара бір күнмен шектелмейді. 21 мен 23-ші наурыз аралығында қаланың 5 нүктесінде спорттық сайыстар өткізу көзделген. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.