АСТАНАЛЫҚ ЖАС ГИМНАСШЫ VIII «АЗИЯ БАЛАЛАРЫ» ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҮШ ДҮРКІН ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
Астана қаласының гимнасшысы Ақмарал Ерекешева Якутияда өтіп жатқан VIII «Азия балалары» ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанды.
Астана қаласындағы № 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушісі Ақмарал көпсайыста күміс алып, финалда лента мен шығыршық үшін қола жүлде жеңіп алды.
«Мен өте қуаныштымын. Мені осы жарысқа дайындаған бапкерім Меруерт Төлегенқызына алғыс айтамын. Алдағы жарыстарда бұдан да жақсы нәтиже көрсетемін деп сенемін»,- деді VIII «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарының үш дүркін жеңімпазы Ақмарал Ерекешева.
Сонымен қатар тағы бір жерлесіміз Айғаным Рысбек те өзінің шеберлігін танытып, осы спорт түрінің 3 жаттығуынан да финалға жолдама алды. Яғни, лента, доп, шеңбер. Айғаным финалда шеңбер жаттығуы үшін 5 орын, лента мен доп жаттығуын орындап 6 орынға тұрақтады.
Финалда жерлестерімізден бөлек, Ресей, Белорусия, Қырғызстан, Әзірбайжан сынды мемлекеттердің үздік гимнасшылары жүлдеге таласты.
Якустк қаласындағы жарыс 7 шілдеге дейін жалғасады. Айтулы бәсекеде ел намысын 21 спорт түрінен 200-ден астам өреніміз қорғауда.