Астанада «Изумруд» гимнастика мектебінің ұйымдастыруымен көркем гимнастикадан «БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» атты ашық чемпионаты басталды.
Ішкі біріншіліктің ашылу салтанатына қатысқан қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Сәбитұлы жас гимнасшыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
«Спорттағы сұлулық дегенде, алдымен ауызға көркем гимнастика түседі. Көркем гимнастика — спорт пен өнердің үйлесімді қосылуы. Бүгінгі таңда гимнастика спорт түрі елімізде қарқынды дамып, спортшыларымыз да көптеген жетістіктерімен ел спортының тарихында есімдерін қалдырып үлгерді.
Кез келген мықты спортшының артында — білікті бапкер мен жанкешті жаттықтырушы тұрады. Өздеріңіз білесіздер, Меруерт Төлегенқызы баптайтын гимнастика шеберлері қалалық, облыстық, республикалық, әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстарда топ жарып, жүлделі орындармен оралып жүр. Екі тізгін бір шылбырды тең ұстау да екінің бірінің қолынан келе қоймас. Мұның бәрі әрине, жоғары тәртіп пен кәсіби біліктілік, маңдай тер мен адал еңбектің жемісі. Таудай жауапкершілік, асыл үміт пен мықты сенімді бірдей арқалаған әр бір жаттықтырушының еңбегі орасан зор.
Спортшылардың жарқын жеңісі — қашанда ел беделі. Алдағы уақытта сіздер еліміздің абыройын асқақтатып жүрген көркем гимнастика шеберлері Жайлауова Эрика, Ерекешева Ақмарал және Мержанова Айым секілді халықаралық және әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатысып, топ жарып, алдыңғы қатардан көрінетіндеріңізге сенімдімін. Бүгінгі ашық біріншілік сіздердің болашаққа деген сәтті әрі нық қадамдарыныз. Барлықтарыңызға сәттілік!» -, деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Айтулы бәсекеге бас аяғы 800-ден аса қалалық және аймақтық мектептермен қатар, көршілес Өзбекстан Республикасының халықаралық гимнастика мектебінің тәрбиеленушілері де бақтарын сынайды.
«Изумруд» көркем гинастика мектебінің негізін қалаушы, RG жоғары категориялы жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші, спорт шебері Меруерт Балғынбаеваның айтуынша, турнирді өткізудегі мақсат — Астана қаласында көркем гимнастиканы дамытуға күш салу және спортшылардың шеберлігін шыңдау арқылы жаңа есімдерді анықтау, достық қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу.